Марат Уразалин еліміздің медицинасына өлшеусіз үлес қосқан еді
Қазақстанға танымал дәрігер, ғалым, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор, микробиолог Марат Уразалин біраз уақытқа созылған сырқаттан көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Семей медицина университетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«Өзінің 82 жасында, біршама уақытқа созылған сырқаттан кейін белгілі ғалым, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор, микробиолог Уразалин Марат Маутқанұлы өмірден өтті. Марат Маутқанұлы 1942 жылы 15 қазанда Көкпекті ауылында дүниеге келген. 1959 жылы біздің медициналық институтқа оқуға түсіп, оны тәмамдаған соң микробиология кафедрасында еңбек жолын бастаған. Харьков медицина институтының аспирантурасын бітіріп, иммунология бойынша диссертация қорғап, туған оқу орнына оралып, микробиология кафедрасының доценті болды», - деп жазған университет.
Сондай-ақ дәрігер 2002 жылы осы университеттегі микробиология кафедрасының профессоры атағын алды. Ол «Невада-Семей» қозғалысының алғашқы белсенділерінің бірі болған азамат. 1989–2000 жылдары осы қозғалыстың төрағасы қызметін атқарды. Әр жылдары ядролық қару мәселесіне, жастар тәрбиесі мен нашақорлық проблемаларына арналған халықаралық конференцияларға қатысып отырды.
«Марат Маутқанұлы университет тарихындағы ең үздік идеяның авторы болды – ол шетелдік студенттерге арналған факультет ашып, оларды ағылшын тілінде оқыту бастамасын ұсынды. Ұстазымыздың бастамаларының арқасында университет көптеген шетелдік жоғары оқу орындарымен және ұйымдармен серіктестік орнатып, халықаралық байланыстарды дамытты. Бұл әріптестік бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді», - деп жазған университет.