Алматыда есірткі жарнамалап жүрген ер адам ұсталды

Автор: Асыл Арман

Ол 30-дан астам жарнама белгісін салып кеткен

Фото: Алматы қаласы ПД

Алматыда есірткі жарнамасын жариялап жүрген ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қарасора», «Учаске» және «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шаралары барысында Түрксіб ауданының полицейлері бейнебақылау камераларының жазбалары арқылы заңсыз есірткі айналымына қатысы бар интернет-сайттардың атаулары жазылған 30-дан астам жазуды дуалдар мен қабырғаларға салған деген күдікке ілінген жас жігітті анықтады және ұстады.

Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтары мен прекурсорларын насихаттау не заңсыз жарнамалау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Күдікті қамауға алынды.

«Мұндай әрекеттер азаматтарымыздың, әсіресе жастардың қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Біз қала тұрғындарын сақ болуға және есірткіге байланысты күмәнді жазулар мен хабарламалар туралы полицияға хабарлауға шақырамыз. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана есірткі қылмысына қарсы тұра аламыз», – деді Түрксіб аудандық полиция Басқармасының бастығы Думан Аухадиев.