Ол - Теспе орта мектебінің түлегі Абзал Әбдіманап
Түркістан облысының түлегі кешегі ҰБТ-да ең көп балл жинады. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығы хабарлады.
Наужан Дидарбекованың айтуынша, кеше ең жоғары балл жинаған талапкер – Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы Теспе орта мектебінің түлегі Абзал Әбдіманап.
«Ол 140 балдың 138-ін жинады. Қазір жаңа норма енгізілген. Оған сәйкес, барлық ҰБТ процесі видеоға түсіріледі, кейіннен бейнежазбаға талдау жасалады. Әрине, біз Абзалдың да бейнежазбасын толық қарап шығатын боламыз», - деді Орталық директорының орынбасары Наужан Дидарбекова.
Айта кетейік, 21 маусым күні республика бойынша ұлттық бірыңғай тестілеу басталған болатын. Оған 6 186 талапкер қатысты.