Жүргізуші осы әрекеті үшін жауапқа тартылды
Астанада жол ортасындағы бөлу жолағымен (тротуармен) жүріп өтпек болған жүргізуші жазаланды. Оның жолын жүргінші бөгеп, ары қарай жүруіне кедергі жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде тараған видеода ер адам тротуарда келе жатқан «ВАЗ» көлігінің жолын бөгеп тұрғаны көрінеді. Жүргінші наразылығын білдіріп, жүргізушіні тоқтатты. Араларында сөз таласы болған.
Пікірлерде қолданушылар жаяу жүргіншінің әрекетін қолдады:
«Ал енді «Сергек» жоқ деп елестетіңіздер, хаос болар еді!», «Мүмкін, көлікте біреу босанып жатқан шығар, қатты сынға алмайық», «Ер адам – нағыз батыл азамат».
Астана полиция департаменті жүргізушінің әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді.
«ВАЗ» маркалы автокөліктің жүргізушісі тротуармен жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар онымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. «Заң және тәртіп» қағидаты аясында кез келген құқықбұзушылықтың жолы кесіледі. Осындай деректер тіркелген жағдайда азаматтарға 102 арнасына хабарласу қажет», – делінген полиция хабарламасында.