Семейде жүк көлігі жол опырылған жерге құлап кетті

Автор: Мөлдір Қазыбай

Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ

Фото: Polisia.kz

Семей қаласында жол опырылып, шұңқырға жүк көлігі түсіп кетті. Оқиға 14 қыркүйекте болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Абай облысының полиция департаменті мәліметінше, Ибраев және Ұранхаев көшелерінің қиылысында, жылу торабы маңында жүргізіліп жатқан жол-құрылыс жұмысы кезінде асфальт опырылып түскен.

Сол күні-ақ пайда болған шұңқырға жүк көлігі құлап кеткен.

«Shacman маркалы жүк көлігі аталған учаскеден өту кезінде көліктің бір бөлігі шұңқырға түсіп кеткен. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Тек материалдық шығын келтірілді», – деп түсіндірді департамент өкілдері.

Олардың айтуынша, полиция қызметкерлері оқиға орнына дереу барып, аумақты қоршауға алды және қауіпсіздік шараларын қабылдады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.