Ақтөбеде «Гүлдер әлемі-2025» фестивалі қала тұрғындарының басын қосып, үздіктерді марапаттады

Автор: Дәулет Ботагөз

Бұл шара төртінші жыл қатарынан қала тұрғындары мен қонақтарының көз қуанышына айналды 

Фото: Ақтөбе қаласының әкімдігі

Сенбіде Абай атындағы гүлзарда дәстүрлі «Гүлдер әлемі – 2025» қалалық гүл фестивалі өтті. Төртінші жыл қатарынан қала тұрғындары мен қонақтарының көз қуанышына айналған бұл шара биыл 130-дан астам қатысушыны жинап, әр түрлі аталымдар бойынша олар өз туындыларын ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Фестиваль ақтөбеліктердің гүл өсірудегі идеяларының байлығы мен талантын айқын көрсетті. Байқаудың жеңімпаздары «Ақтөбеде жасалды», «Таңғажайып гүлзар», «Үздік үй гүлі», «Үздік гүл композициясы», «Үздік гүл шоғы», «Үздік ұжымдық жұмыс» аталымдары бойынша бағаланды. 

Гүл фестивалімен қатар, қаланың көркейіп, жайлы өмір сүру жағдайын қалыптастыруға бағытталған «Менің Ақтөбем» қалалық байқауының қорытындысы шығарылды. 1 сәуірден 30 тамызға дейін созылған байқау, қала тұрғындарының өз қаласын көркеютуге деген белсенділігін жоғары деңгейде көрсетті. Қаланың екі ауданынан барлығы 83 өтініш келіп түскен. Тұрғындар өз жетістіктерін «Үздік көппәтерлі үй ауласы», «Үздік көгалдандырылған кәсіпорын немесе ұйым», «Үздік аула сыпырушы», «Үздік көгалдандырылған жеке үй», «Үздік көппәтерлі үй басқарушысы» аталымдары бойынша ұсынды. 

Қала әкімі Азамат Бекет фестивальге қатысып, қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, гүл фестивалі мен «Менің Ақтөбем» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Қала басшысы бұл іс-шаралардың тек конкурстар ғана емес, сонымен қатар сұлулықтың, экологияның және бастамашылдықтың мерекесі екенін, әрбір тұрғынды өз қаласына деген қамқорлыққа шабыттандыратынын атап өтті.

«Бұл фестиваль – Ақтөбе қаласының қоғамдық өміріндегі маңызды шаралардың бірі. Қаламызда фестиваль 4-ші рет өткізіліп отыр. Бұл шара қала тұрғындарын табиғатты аялауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақырады, - деді атап өтті Азамат Бекет. - «Биыл 8 номинация бойынша 130 ұжым қатысып отыр. Фестивальге қатысушылардың өз қолымен жасаған гүл композициялары қаламызға ерекше көңіл-күй сыйлап отыр. Әрбір туынды – талғам мен ізденістің, шынайы еңбектің жемісі» 

Сонымен қатар әкім «Менің Ақтөбем» байқауына да тоқталды. 

«Біз биыл қаламызда бірінші рет “Менің Ақтөбем” байқауын жариялаған болатынбыз. Оған ақтөбеліктер белсене қатысып, қаламыздың ең үздік аулаларын, ең үздік үйлерін үлгі етті. Бүгін сол үздік аула конкурсының жеңімпаздарын осы фестиваль аясында марапаттайтын боламыз.  Алдағы уақытта да осындай игі бастамалар жалғасын тауып, Ақтөбе тек өндірістік қуатымен ғана емес, экологиясы таза, жасыл желекке оранған заманауи әрі жайлы қала ретінде дами береді деп сенемін. Ортақ үйіміз -Ақтөбені бірге көркейтейік!», – деп қорытындылады Азамат Бекет.