Үш қалада ауа сапасы нашарлайды – синоптиктер

Автор: Дәулет Ботагөз

Бұл қалаларда қауіпті деңгейдегі метеожағдай болжанды

Фото: © istockphoto.com

14 қыркүйек күні Қазақстанның үш қаласында ауа сапасы төмендеп, зиянды заттар жиналуы мүмкін. Бұл туралы «Қазгидромет» мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар Астанада, Қостанайда (түнде) және Ақтөбеде күтіледі.

Қолайсыз метеожағдай деген не?

Мамандардың түсіндіруінше, қолайсыз метеожағдай – бұл қысқа мерзімді табиғи факторлардың (штиль, әлсіз жел, тұман, инверсия) әсерінен ауада зиянды қоспалардың шоғырлануына әкелетін құбылыс. Мұндай кезде атмосфералық ауаның төменгі қабатында ластаушы заттар ұзақ сақталады.

Тұрғындарға кеңес

Синоптиктер қала тұрғындарына мынадай сақтық шараларын ұсынады:

  • мүмкіндігінше далада ұзақ жүрмеу, әсіресе автокөлік жолдарының маңында болмау;
  • жабық бөлмелерде көбірек болу;
  • созылмалы ауруы бар адамдарға (өкпе, жүрек-қан тамырлары, аллергия) қажетті дәрілерін өзімен бірге алып жүру;
  • балалар мен қарттарды қоршаған орта факторларынан қорғау.