Қазақстанда инфляцияны 10-11 пайыз деңгейінде ұстап тұру үшін тарифтерге бақылау күшейтілді – комитет

Автор: Мөлдір Қазыбай

Коммуналдық қызметтердің бағасы инфляция құрылымында маңызды рөл атқарады

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда инфляцияны жыл соңына дейін 10-11% деңгейінде ұстап тұруға бағытталған шаралар қабылданып жатыр. Үкіметтің тапсырмасы аясында ҚР Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Табиғи монополияларды реттеу комитеті 2025 жылдың соңына дейін халық үшін коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсуіне жол бермеу жұмысын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тарифті тежеудің тетіктері

Бағаның күрт өсуіне жол бермеу үшін бұрын жоспарланған түзетулердің бір бөлігі кейінге қалдырылады, сондай-ақ ұзақ мерзімді қаржыландыру көздері тартылады. Бұл ретте табиғи монополиялар субъектілерінен жаңа өтінімдер қабылданбайды, осылайша тарифтердің қосымша өсу қаупі жойылады.

Әлеуметтік маңызы бар өнімдерге басымдық

Әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірушілеріне ерекше назар аударылмақ. Олар үшін басқа заңды тұлғаларға қарағанда жеңілдетілген шарттарды қамтитын ұстамды тарифтік саясат қолданылатын болады.

Инфляцияға ықпалы

Коммуналдық қызметтердің бағасы инфляция құрылымында маңызды рөл атқарады. Сондықтан қабылданған шаралар олардың баға өсуіне әсерін азайтып, халықтың әлеуметтік жағдайына оң ықпал етуге мүмкіндік береді.