«Құқықтық тәртіп» аясында рейд жүріп жатыр
Алматыда «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу шарасы аясында қалааралық және облысаралық жолаушылар тасымалдары тексерілді. Бір күнде 500-ден астам құқықбұзушылық тіркеліп, 15 шетелдік автобус айыппұл тұрағына қойылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ресми тасымалдаушылардың автобустарымен қатар, жеке тасымалдаушылардың да көліктері назарға алынды. Әсіресе жолаушылар қауіпсіздігіне, көлік құралдарының техникалық жағдайына және тиісті рұқсат құжаттарының болуына ерекше көңіл бөлініп отыр.
Жарты күннің ішінде 500-ден астам заңбұзушылық анықталды. Қалааралық тұрақты рейстерді орындаған шетелдік тіркеудегі 15 көлік желіден алынып, айыппұл тұрағына қойылды.
«Біздің мақсатымыз – тек құқықбұзушылықтарды тіркеу емес, қайғылы жағдайлардың алдын алу. Сондықтан көліктің техникалық жай-күйіне, жүргізушілердің медициналық тексерулеріне және қауіпсіздік талаптарының орындалуына қатаң бақылау жүргізілуде», – деді Алматы қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.
Полицияның мәліметінше, жолаушылар тасымалының қауіпсіздігі – құқықтық тәртіптің негізгі бөлігі. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу тек полиция, тасымалдаушылар және азаматтардың бірлескен әрекеті арқылы мүмкін болады.