Қазақстанда ет, сүт және жұмыртқа өндірісі рекордтық деңгейге жетті

Автор: Дәулет Ботагөз

2025 жылғы сегіз айдың қорытындысы шықты

Фото: © istockphoto.com

Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі 2025 жылғы қаңтар–тамыз айларындағы ауыл шаруашылығы саласының нәтижелерін жариялады. Саладағы жалпы өнім көлемі 3,4%-ға өсіп, 3,6 трлн теңгеге жетті. Бұл — кейінгі жылдардағы ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрліктің мәліметінше, өсімге мал шаруашылығы да, егін шаруашылығы да үлес қосқан. Мал шаруашылығы өнімдері 3,2%, ал егін шаруашылығы 4% артқан.

Мал шаруашылығындағы өсім

Сегіз айда республикада:

  • 700 мың тоннаға жуық ет;
  • 2,6 млн тоннадан астам сүт;
  • 3 млрд-тан көп жұмыртқа өндірілді.

Жануар басы да ұлғайды:

  • ірі қара – 0,2%,
  • жылқы – 6,3%,
  •  түйе – 4%,
  • құс – шамамен 3% көбейді.

Өңдеу өнеркәсібіндегі серпін

Агроөнімді қайта өңдеу саласында да айтарлықтай өсім байқалды. Мәселен:

  •  қант өндірісі – 24%;
  • ет консервілері – 30%;
  • өсімдік майы – 27%;
  •  колбаса өнімдері – 8,8%;
  • сары май – 15%;
  • қышқыл сүт өнімдері – 6,4% артқан.

Инвестициялар мен экспорттық әлеует

Агроөнеркәсіп кешеніне құйылған инвестициялар да өсуде. 2025 жылдың жеті айында негізгі капиталға 516,2 млрд теңге салынды, бұл былтырғыдан 27% көп.

Тамақ өнімдерін өндіруге инвестиция көлемі 119,2 млрд теңгеге жетіп, 42,8% артқан.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдеуінше, агроөнеркәсіптегі бұл серпін Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, экспорттық әлеуетін арттыруға жол ашады.