Ақшасын санап отырғандарға айтарым, ер жігітке ата-ана да, бауыр да, өз отбасы да сынақ, дейді продюсер
Продюсер Гүлзира Айдарбекова әлеуметтік желідегі парақшасында ұлы Қайрат Нұртастың жастайынан табысты болуына не себеп болғанын жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айтуынша, ұлы үнемі ізденіс үстінде жүргендіктен сынаққа сынып кетпей, өз брендін дамытып келе жатыр.
«Қайрат жастайынан еңбекқұмар болып өсті, атағым бар екен деп жатып алмады, ылғи ізденіс үстінде келе жатыр. Мүмкін әлі KN болып отыруына өзін ғана емес, отбасын, ата-анасын, бауырларын бірдей уайымдауы ықпал етіп жатқан шығар. Өз брендін жалғастырып келе жатқаны, Алланың бір нығметі болар. Қаншама оқырман «неге бүйтпейсің, неге сүйтпейсің» деп ақыл айтады, сол адамдар неге өздері сөйтпейді екен. Ал ақшасын санап отырғандарға айтарым, ер жігітке ата-ана да, бауыр да, өз отбасы да сынақ», - дейді продюсер.
Оның пайымынша бір отбасында бір адамға сынақ етіп, ақшаны да, абыройды да үйіп-төгіп береді, асынып-тасынасың ба, жоқ кеуде көтересің бе, оның бәрі пейіліңе байланысты болмақ.
«Сынаққа сынып кетпесең Құдайдың бергені берген. Бәріміз мәңгілік емеспіз. Бірақ әрбірінің сен үшін өз орны бар, осыны ұмытпау керек. Ата-ананың ақ батасын алып жүрген азаматтардың Алла қолдаушысы, қорғаушысы. Болдым, толдым деп, есегі судан өткен соң, тамыры жуандап, әйелінің, бала-шағасының алдында өз әкесінің аузы-мұрнын қан жоса етіп сабап, өлім құштырғанына бәріміз куә болдық. Сондай ұрпақтан сақтасын. Үміт артқан ұл-қыздарыңыздың ауызбіршілігі болып, сізге құрмет көрсетіп, бақытқа жеткізсін! Ең бастысы төрт көзіміз түгел болсын, қалғанының бәрі реттеймін деген адамға кеш емес, саналы ұрпағымыз болсын!», - деп түйіндеді Гүлзира Айдарбекова.