Жалпы залалдың мөлшері шамамен 6,5 миллион теңге деп бағаланып отыр
Қостанай облысында «Учаске» рейді кезінде полицейлер 54 тонна бидай ұрлығын әшкереледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қостанай облысында «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында ірі көлемдегі ұрлық дерегі анықталды. Учаскелік инспектор Мейірбек Нұргелдин мен полиция бөлімі бастығының орынбасары Серік Бикетбаев «Әулиекөл – Диев» тасжолында тіркемесі бар КАМАЗ жүк көлігін тоқтатты. Құжаттар күдік тудырып, жүргізуші астықтың қайдан алынғанын нақты түсіндіре алмады.
Жүк көлігі полиция бөліміне жеткізілген соң, бидайдың «Диев агрофирмасы» аумағынан ұрланғаны белгілі болды. Кейін Аманқарағай ауылындағы қоймадан үш күн бұрын шығарылған астық табылды. Жалпы залалдың мөлшері шамамен 6,5 миллион теңге деп бағаланып отыр.
Ұрлық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, оған агрофирма қызметкері мен Новоселов ауылының тұрғынының қатысы бар екені анықталды. Тергеу прокуратураның қатысуымен жүргізіліп жатыр.
«Диев агрофирма» ЖШС атқарушы директоры Олег Даниленко басқа қызметкерлердің де қатысы болуы мүмкін екенін айтты. Ол болашақта қауіпсіздік шараларын күшейтіп, бейнебақылау орнату мен көлікті бақылау жүйесін белсенді қолдануды жоспарлап отыр.
Полиция барлық кінәлілер заңға сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын жеткізді. Өңірде аграрлық саладағы ұрлықпен күрес ерекше бақылауда қала бермек.