Павлодарда дардай екі еркектің жұрттың көз алдында дәрет сындырған видеосы тарады

Автор: Асыл Арман

Олардың ісі енді сотта қаралатын болды

Фото: Видеодан скрин

Павлодар қаласында дардай екі еркектің Торайғыров көшесінде жұрттың көз алдында дәрет сындырған видеосы тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында павлодарлық полицейлер қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу деректерін тұрақты түрде анықтап, жолын кесіп келеді.

«Әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында Павлодар қаласында Торайғыров көшесінде екі ер адамның көшеде дәрет сындырған сәті бейнеленген видео жарияланды. Бұл әрекеттері арқылы олар қоғамға құрметсіздік көрсетіп, қоғамдық тәртіпті бұзды. Ер адамдарға қатысты ұсақ бұзақылық бабы бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды, – деп хабарлады Павлодар облыстық ПД.

Полицияның айтуынша, мұндай құқық бұзушылықтарды түп-тамырынан жою – құқықтық тәртіптің негізгі кепілі. Өйткені кей азаматтардың «барлығы рұқсат» деген ойы кейінірек әлдеқайда ауыр заң бұзушылықтарға әкелуі мүмкін.

Айта кетейік, жыл басынан бері тәртіп сақшылары мыңнан астам ұсақ бұзақылық дерегін тоқтатқан. Барлық құқық бұзушылар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылды.

Полиция азаматтарды этикалық нормаларды сақтауға, ұсақ құқық бұзушылықтарға бейжай қарамауға шақырады. «Заң және тәртіп» қағидаты азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған. Ал заң бұзғандар міндетті түрде жауап береді.