Солтүстік Қазақстанда жылына 40 мың тоннаға жуық сүт өндіретін ферма ашылады

Автор: Алмас Ерсін

Голштино-фриз тұқымды 390 жоғары өнімді сиыр сатып алынды

Фото: Ауыл шарушашылығы министрлігі

Солтүстік Қазақстан облысында құны 8 млрд теңге тұратын сүтті мал шаруашылығы кешенінің құрылысы аяқталуға жақын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ауыл шарушашылығы министрлігінің мәліметінше 3600 сауынды сиырға арналған заманауи сүт-тауарлы фермасын «Солтүстік» ӘКК» АҚ-ның қолдауымен «СК-Агро» ЖШС салды.

«Жаңа кешен Советтік ауылында орналасқан және жақын арада пайдалануға беріледі. Толық қуатына шыққанда ферма жылына 39 мың тоннаға дейін сүт өндіреді», - деп жазылған хабарламада.

Алдағы уақытта шаруашылық ірі қара мал санын 12 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл нысанды өңірдегі ғана емес, еліміздегі ең ірі жобалардың біріне айналдырмақ.

«Қазіргі таңда 850 сиырға арналған қоралардың 90%-ы дайын. Құрал-жабдықтар орнатылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге немістің Westfalia компаниясының 100 орындық айналмалы сауу қондырғысы қойылатын сауу-мал блогы салынуда», - дейді ведомство.

Ферманың жалпы аумағы – 62 гектар. Жобаны іске қосу үшін Эстония мен Украинадан голштино-фриз тұқымды 390 жоғары өнімді сиыр сатып алынды. Оның алғашқы 200 басы қазан айында жеткізіледі.

Жем-шөп базасы да дайындалған. Шаруашылықтың қарауында 30 мың гектардан астам егістік бар, оның 3 мың гектары мал азығына бөлінген. Биыл мол өнімді жүгері жиналып, ол қыстық негізгі азыққа айналмақ.

Фермада өндірілген сүт өңірдегі қайта өңдеу кәсіпорындарына, сондай-ақ Ақмола облысы мен Астана қаласындағы әлеуетті сатып алушыларға жеткізіледі. Қайта өңдеушілермен келіссөздер жүргізіліп жатыр.