Қазақстанда жеңіл әуе кемелеріне жоспардан тыс тексеру жүргізілді
Елімізде 25 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында жалпы мақсаттағы авиацияны (ЖМА) пайдаланушыларға жоспардан тыс тексеру өткізілді. Оның алдын ала нәтижелері көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың төрағалығымен өткен кеңесте айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі 31 әуе кемесін тексеріп, нормативтік құқықтық актілердің сақталмау фактілерін анықтады. Соның нәтижесінде 7 жеңіл ұшақтың ұшуы уақытша тоқтатылды.
Әкімшілік заң аясындағы өкілеттіктеріне сәйкес ЖМА операторларының қызметін бақылауды жалғастыруда. Әлеуметтік желілерде (Instagram, TikTok, Telegram) «эксклюзив», «экскурсия» сияқты рейстерді жарнамалау көбейген. Алайда олардың басым бөлігінде арнайы рұқсат жоқ.
Әкімшілік еске салды: «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңға сәйкес, жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушыларға ақылы немесе жалдамалы әуе тасымалдарын, сондай-ақ авиациялық жұмыстарды орындауға тыйым салынады. Талаптарды бұзған операторлар заң бойынша жауапкершілікке тартылады.
Айта кетейік, Астанадан 50 шақырым жерде ұшақ құлап, бірнеше адам қаза болғаны хабарланған болатын.