Ол Тоқаевтың Кеңес Одағы кезеңінен қалған әлеуметтік төлемдерге қатысты айтқан пікірін де қолдады
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған әлеуметтік төлемдерге қатысты мәселелерді толық қолдайтынын жеткізді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, қазіргі кезде әлеуметтік жеңілдіктердің жүйесіздігі мен жалған құжаттар арқылы төлем алудың кең таралуы қоғамға да, мемлекетке де орасан зиян тигізіп отыр.
Әбенов өз пікірінде жәрдемақыларды заңсыз алу деректеріне тоқталды. Соңғы екі жылда агенттік 13 іс қозғап, 1,2 млрд теңге көлемінде шығынды анықтаған. Оның ішінде 385 әйел жалған жұмыс орнымен рәсімделіп, 1 млрд теңге жәрдемақы алған.
«Бұл – адал еңбек етіп, салық төлеп отырған азаматтардың құқығына жасалған қиянат. Біреулер шынымен мұқтаж болса, басқалар алаяқтық жолымен мемлекет қаржысын пайдаланып отыр», – деді депутат.
Әбенов Тоқаевтың бұрынғы Кеңес Одағы кезеңінен қалған әлеуметтік төлемдерге қатысты айтқан пікірін де қолдады. Оның айтуынша, қазір бұл жеңілдіктердің шығыны артып, қаражатты білім, денсаулық және инфрақұрылым сияқты маңызды салалардан бөліп әкетуде.
Депутат әлеуметтік жеңілдіктердің кейде азаматтарды жалған әрекетке итермелейтінін атап өтті. Мысалы, «толық емес отбасы» санаты пайда болғаннан кейін көптеген отбасы ресми түрде ажырасқан болып тіркеліп, қосымша төлем алуға ұмтылған.
«Бұл – қоғамға қауіпті құбылыс. Балалар да ата-ананың жалған әрекетіне куә болып өседі. Шын мәнінде, мемлекетке емес, өз қоғамымызға зиян келтіріп отырмыз», – деді Мұрат Әбенов.
Депутат әлеуметтік төлемдерді жүйелеу үшін заманауи цифрлық ақпараттық жүйені енгізуді ұсынды. Бұл тәсіл әр азаматтың нақты табысын ескеріп, көмекке тек шын мұқтаж жандарға төлем жасауға мүмкіндік береді.