Баланың миы зақымданғаны анықталды
Дәрігерлер Ерейментаудағы турнирде мойнын сындырып алған 15 жастағы балуанның қазіргі жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
КТК телеарнасының мәліметінше жас спортшы бірден комаға түскен. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр.
«Науқасты біздің емханаға жеткізген кезде жағдайы ауыр болды, жасанды тыныс алу аппаратына қосулы жатты. Қажетті зерттеулер жүргізілді. Көңіл көншітерлік болжам айта алмаймыз. Баланың миы зақымданғаны анықталды», - дейді Астанадағы №2 балалар ауруханасы директорының орынбасары Динат Қожекенов.
Еске сала кетейік, жас балуан күресіп жатқанда басымен құлап, жарақат алды. Рингте ол клиникалық өлімді бастан өткерді, мойын омыртқасы сынып, бірден есін жоғалтқан.
Реаниматологтар науқасты клиникалық өлім жағдайынан шығарды. Бірақ жасөспірім комаға түскен.
Спорт басқармасы турнирдің барлық ереже бойынша өткенін айтты. Зардап шегуші тәжірибелі балуан. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Оқыс жағдайдан кейін жарыс шұғыл тоқтатылып, қатысушылар үйіне жіберілген. Зардап шеккен жасөспірім санитарлық авиациямен елордалық ауруханаға жеткізілді.