Тәртіп сақшылары сол жерден 28 бас малды, 15 малдың сойылған және бөлшектелген бөліктерін тапты
Жетісу облысында ұзақ уақыт бойы ірі қара мал ұрлығымен айналысып келген қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жедел тергеу іс-шаралары барысында қаскөйлердің бір шаруа қожалығының аумағынан 43 бас ірі қара мал ұрлағаны анықталды.
«Үш ер адам қараусыз қалған үйде ұсталды. Тәртіп сақшылары сол жерден 28 бас малды, 15 малдың сойылған және бөлшектелген бөліктерін, сондай-ақ 6 пышақ пен 3 кесінді арқанды тапты. Бұл заттардың бәрі қылмыстық әрекетте қолданылған», - деп жазылған хабарламада.
Ұсталған үш адам қамауға алынды. Тағы үш күдіктіге қатысты жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістан, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында жүйелі түрде мал ұрлығымен айналысқан үш ұйымдасқан қылмыстық топ анықталып, ұсталған болатын.
Тергеу барысында анықталғандай, қылмыстық топ мүшелері иелері қараусыз жіберген жылқы мен ірі қара малды еркін жайылымнан ұрлап отырған. Ұрланған мал алыс жерлерге айдалып, сол жақта сойылып, еттері базарларға өткізілген.