Алматы тұрғыны көпқабатты үйдің кіреберісін өз ақшасына жөндегені үшін айыппұл арқалады (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Оқиға резонанс тудырып, желіде қызу талқыланып жатыр

Фото: Видеодан скрин

Алматы тұрғыны көпқабатты үйдің кіреберісін өз қаражатына жөндеп жатқан. Алайда алғыстың орнына ол әкімшілік айыппұлға тап болды. Бұл жағдай желіде қызу талқыға түсіп, резонанс тудырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция түсіндірме берді

Қалалық Полиция департаменті оқиғаны растады. Ресми мәліметке сәйкес, 27 тамыз күні Бостандық ауданында учаскелік инспекторлар кіреберіс алдына құрылыс қалдықтарының жиналғанын анықтаған.

«Аталған дерек бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды», – делінген полицияның түсініктемесінде.

Неліктен айыппұл салынды?

Тәртіп сақшыларының айтуынша, жөндеу жұмысы жеке қаражатқа жүргізілгеніне қарамастан, құрылыс қоқысын кіреберіс алдына шығарып қою тұрғындарға қолайсыздық туғызады. Мұндай әрекеттерге жол берілмейді деп атап өтті ведомство өкілдері.

Айыппұл көлемі

Ережені бұзған тұрғынға 39 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.