Облыста күніне 130 адамнан пневмония анықталып жатыр
Ақтөбе облысы Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Светлана Есенаманова облыс орталығында тек коронавирус емес, пневмония да жылдам тарап жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Оның айтуынша, осы аптада Ақтөбеде бір күнде 130 адамнан пневмония анықталып, 16 адам қайтыс болған.
«Ауру өте жылдам дамып жатыр. Екі күннің ішінде өкпе қабынып, дәрігерлер көмек көрсетуге үлгере алмай жатыр. Анализ коронавирус инфекциясының жоқ екенін көрсеткенімен, өкпеде өзгерістер болып, адамдар қайтыс болып жатыр», - деді ол.
Светлана Есенаманова көптеген дәрігерлердің пневмония жұқтырғанын айтты.
«Осы аптада пневмонияның шарықтау шегі болды. Дүйсенбі 30-40 адам тіркеліп, теміржол ауруханасында 300 орын ашу туралы шешім қабылданды. Стационар ашылған күні ауруханаға пневмониямен жүз адам түссе, жалпы 130 адам медициналық көмекке жүгінді», - деді ол.