Алматыда полиция 4 млн теңгелік интернет-алаяқтықтың алдын алды
Алматыда полицейлер ата-анасының дер кезінде дабыл қағуының арқасында 21 жастағы жігітті интернет-алаяқтардың қолынан құтқарып қалды. Құқық қорғаушылардың жедел әрекеті нәтижесінде отбасының 4 миллион теңгеден астам қаражаты сақталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы қаласы Алмалы аудандық полиция басқармасына ата-анасы 21 жастағы ұлдарының жоғалғанын хабарлаған. Жас жігіт алтын бұйымдар мен ақшасын алып, бірнеше сағат бойы байланысқа шықпаған.
Полиция тексеріс кезінде жігіттің интернет-алаяқтардың ықпалына түскенін анықтады. Олардың нұсқауымен ол ақшаны аударуға дайындалып жатқан. Жоғалтып ала жаздаған қаржы көлемі – 4 млн теңгеден астам.
Құқық қорғаушылар азаматты дер кезінде тауып, отбасының қаржысын сақтап қалды. Қазір алаяқтарға қатысты тексеру мен іздестіру жұмыстары жүріп жатыр.
Алматы полициясы тұрғындарды қырағы болуға, бейтаныс интернет-таныстарға сенбеуге және күмәнді жағдай туындағанда дереу полицияға хабарласуға шақырады.