Ол мәпелеп өсірген анасының өмірден ерте кетіп, өзінің өнердегі жетістігін көре алмағанына өкініш білдірді
Белгілі әзілкеш Қайрат Әділгерей Аман Тасығанға берген сұхбатында өмірден өткен анасын еске алып, көзіне жас алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол мәпелеп өсірген анасының өмірден ерте кетіп, өзінің өнердегі жетістігін көре алмағанына өкініш білдірді.
«Менде қазір бәрі бар, бірақ анам жоқ. Менің өсіп-өнгенімді көрген жоқ. Мені оқытты, тоқытты, сол үшін еңбектенді. Әйтеуір үлкен немересін көрді. Ауырды. 40 жыл бухгалтер болған адам ғой. Соңында екіге екіні қоса алмай, ақшаның түрін танымай кетті. Ешбір концертімде болмағанына өкінемін. Ауылға барған сайын, табаным туған жерге тие салысымен бірден анама сәлем беремін», – дейді актер.
Өнер иесі достары «ата-анамды күтіп алуға, шығарып салуға бара жатырмын» деген сайын осы ой орала беретінін жасырмады.
«Көбісі мені көңілді деп ойлайды, мен де жылаймын. Оңаша қалғанда көп жылаймын. Кейде дұға еткенде жылайсың», - деп түйіндеді Қайрат Әділгерей.