Көкшетау тұрғыны жұмысқа тұрамын деп 6 млн теңгесінен айырылды

Автор: Алмас Ерсін

Полицейлердің ескертуіне қарамастан қазақстандықтар алаяқтардың айласына түсіп қалып жатыр

Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

Ер адам өзінің барлық жинаған ақшасын жұмысқа орналасуға көмектесемін деп уәде еткен әйелге беріп жіберді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

Ақмола облысында полиция жұмысқа орналастырамын деген желеумен алдап кеткен алаяққа қатысты істі тергеп жатыр. Полицейлердің мәліметінше, 2 қыркүйекте полицияға Көкшетау қаласының тұрғыны хабарласқан. Ер адамның айтуынша, танысы жұмысқа орналастырамын деген желеумен сәуір-тамыз айлары аралығында 6 миллион теңге ақшасын иемденіп алған.

«Жедел іздестіру іс-шаралары барысында күдікті ретінде облыс орталығының 33 жастағы тұрғыны анықталып, алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - деп хабарлады Ақмола облысының полиция департаменті.

Полицейлер тағы да еске салды:

«Келісімшарт жасамай, жеке делдалдар арқылы жұмысқа тұруға келіспеңіз, жұмыс берушілер туралы ақпараттың дұрыстығын тексеріңіз, сәл күмәніңіз болса, құқық қорғау органдарына хабарласыңыз. Қаржыңызды сақтаңыз және абай болыңыз – алаяқтар көбіне жеке бас пайдасы үшін адамдардың сенгіштігін пайдаланады».