Маңғыстауда мұнай-газ саласындағы лауазымды тұлғалар 250 млн теңге жымқырған

Автор: Алмас Ерсін

Сот үкімімен кінәлілер жазаланды

Фото: istockphoto.com

Маңғыстау облысында мұнай саласында миллиондап қаржы жымқырған үш адам сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық прокуратураға сілтеме жасап.

Өткен жылы облыс прокуратурасы мұнай-газ кәсіпорындарында тексеру жүргізген. Оның нәтижесі бойынша «Oil Transport Corporation» ЖШС қызметінде жабдықты қабылдау кезінде заң бұзушылықтар анықталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

«Тергеу аясында 3 адам ұсталды, оның ішінде кәсіпорын мен мердігер компания басшылары да бар. Сот барлық тұлғаны кінәлі деп танып, әртүрлі жаза кесті», - деп жазылған хабарламада.

Атап айтқанда, кәсіпорын бас директорының орынбасары лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығы шектелді.

«Мердігер компанияның екі өкілі әрқайсысына 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы қолданылды», - дейді прокуратура.

Қылмыстық істі қарау барысында сотталғандар 250 млн теңге көлемінде шығынды өтеген. Үкім заңды күшіне енді.