Кәсіпкерлерді алдаған алаяқ ұсталды
Алматы облысында алаяқтық жасаған азамат Қырғызстаннан экстрадицияланды. Ол Бішкек қаласында ұсталып, Қазақстанға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2019–2022 жылдары күдікті алдын ала сөз байласқан адамдарымен бірге өңірдегі ірі азық-түлік базарында сауда бутиктерін сату сылтауымен кәсіпкерлерді алдаған. Оның әрекетінен 11 кәсіпкер зардап шегіп, жалпы сомасы 126 миллион теңге шығынға батты.
Қылмыстардан кейін ол құқық қорғау органдарынан жасырынған және халықаралық іздеуге жарияланған.
Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды. Заң бойынша оның мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бас прокуратура әділеттілікті қалпына келтіру, жәбірленушілердің құқықтарын қорғау және қашып жүрген қылмыскерлерді іздестіру мен экстрадициялау жұмыстарын жалғастыратынын хабарлады.