Ержан Нұрлыбаев денсаулық сақтау вице-министрі қызметінен босатылды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ол бұл лауазымды 2024 жылдың шілдесінен бері атқарып келді

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

ҚР Премьер-министрінің ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Ержан Шәкірұлы Нұрлыбаев денсаулық сақтау вице-министрі қызметінен босатылды. Бұл туралы ҚР Үкіметінің қаулысы шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Нұрлыбаев 1975 жылы Теміртау қаласында дүниеге келген. Ол Қарағанды мемлекеттік медицина академиясын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша, сондай-ақ Қарағанды экономикалық университетін «Менеджмент» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1998 жылы Қарағанды қаласының №1 қалалық ауруханасында хирург болып бастаған. 2004-2006 жылдары осы мекеменің емдеу ісі жөніндегі директорның орынбасары қызметін атқарды.

Әр жылдары Қарағанды облысының бас хирургі болды, Х.Ж. Мақажанов атындағы травматология және ортопедия орталығын басқарды. 2014-2021 жылдары Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметін атқарды.

2021-2024 жылдары «МУК» КЕАҚ директорлар кеңесінің төрағасы болды. 2024 жылдың шілдесінен бері Денсаулық сақтау вице-министрі қызметін атқарған.