Алматы облысында «Борышкер» жедел-алдын алу іс-шарасы өтті
Алматы облысының полицейлері әкімшілік айыппұлды төлеуден жалтарғандарды анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы облысы аумағында полиция қызметкерлері жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының, мемлекеттік кірістер органдарының және Әділет департаментінің өкілдерімен бірлесіп «Борышкер» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізуде. Жедел алдын алу шарасының бірінші күнінің жұмысы нәтижесі бойынша борышкерлерден жалпы сомасы 8 млн 861 мың теңгеге 680 айыппұл өндіріп алынды.
Жеке сот орындаушыларының қаулылары негізінде жол қозғалысы саласында әкімшілік айыппұлдар бойынша елеулі қарыздары бар 13 автокөлік мамандандырылған тұрақтарға орналастырылды.
«Талдықорған қаласында жалпы сомасы 28 млн 568 мың теңге көлемінде салық және әкімшілік айыппұлдары бойынша берешегі бар Газель автокөлігімен Р. есімді азамат ұсталды. Атқарушылық құжаттарды уақтылы орындамағаны үшін оның көлігі мемлекеттік кірістер органдарының мамандандырылған тұрағына орналастырылды. Бұдан өзге, борышкерлерді аулаларды аралау арқылы тексеру жүзеге асырылып жатыр», - делінген хабарламада.