Оралда полиция қуған ұрланған көлік өлімге әкелген жол апатына себеп болды
Орал қаласының орталығында полицейлер қуған Renault Logan көлігі ірі жол апатына себеп болып, бір адам көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
1 қыркүйек 2025 жылы полицияға ақ түсті Renault Logan автокөлігінің ұрланғаны туралы хабар түсті. Көлікті басқарған күдікті жол ережесін өрескел бұзып, тәртіп сақшыларының тоқтау туралы талабына бағынбаған.
Күдікті Назарбаев көшесімен жүріп өтіп, бағдаршамның қызыл шамына қарамастан Карев көшесі қиылысында Lada Granta және Lada Largus автокөліктерімен соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан Lada Granta жүргізушісі ауыр жарақат алып, ауруханада қайтыс болды. Ал күдікті түрлі жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді. Қазір ол полиция күзетінде жатыр.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.