Абай облысында жаңа су қоймасы салынады
Құрылыс жұмысы 2026 жылы басталады

Абай облысының Ақсуат ауданындағы Қарғыба өзенінде жаңа су қоймасы салынбақ. Құрылыс жұмысы 2026 жылы басталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
24KZ мәліметінше, қазіргі уақытта нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Жобаны сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру мақсатында «Қазсушар» РМК облыстық филиалының мамандары, Ақсуат ауданы әкімдігінің қызметкерлері және мердігер ұйым өкілдері құрылыс жүргізілетін аумақтарды тексерді.
«Тексеру барысында тараптар жобаны егжей-тегжейлі талқылап, ұсынысын айтты. Аудан әкімдігімен бірге ішкі арналар да қаралды. Оларды қайта жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеумен жергілікті атқарушы органдар айналысады. Жаңа су қоймасы мен магистральдық арналар ауданның ирригациялық жүйелерінің толыққанды әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді», — деді «Қазсушар» РМК-ның Абай облыстық филиалының директоры Жарқынбек Байсабыров.