Жаңа білім нысандарының бірі – Бейнеу ауданы Сам ауылындағы 300 орындық мектеп
1 қыркүйек – Білім күні қарсаңында Маңғыстау облысында бес жаңа мектеп ашылды. Оның төртеуі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында салынса, біреуі демеушілердің қолдауымен бой көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа білім нысандарының бірі – Бейнеу ауданы Сам ауылындағы 300 орындық мектеп. Ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ардагерлер, ұстаздар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиында облыс әкімі жиналғандарды білім күнімен құттықтап, жаңа мектептердің өңір үшін маңыздылығын атап өтті.
«Мемлекет басшысы білім саласын дамытуға әрқашан айрықша көңіл бөледі. Бүгін пайдалануға беріліп отырған жаңа мектептер – осы қамқорлықтың нақты нәтижесі. Президенттің тапсырмасымен салынған заманауи білім ордалары шалғайда жатқан ауылдарға да жетіп, балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік беріп отыр. Бұл білім ордасында шәкірттердің жан-жақты дамуына, мұғалімдердің шығармашылықпен еңбек етуіне барлық жағдай жасалған. Осы шаңырақтан түлеп ұшатын түлектер еліміздің дамуына үлес қосатын білімді де отаншыл азамат болады деп сенемін. Баршаңызды білім күнімен құттықтаймын, жаңа оқу жылы сәтті әрі табысты болсын», – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Сам ауылындағы мектепте қазіргі таңда 151 оқушы білім алуда, 40 педагог еңбек етеді. Мектепте 27 оқу кабинеті, 18 қосымша бөлме, химия, биология, информатика, робототехника, STEM, өнер және музыка сыныптары қарастырылған. Сонымен қатар логопед пен психолог кабинеттері, спорт және акт залы, асхана, кітапхана, шеберхана, медициналық бөлме мен мұражай бар.
Бұдан бөлек, жаңа оқу жылы қарсаңында Ақтау қаласының «Рауан» шағын ауданында – 300 орындық, Мұнайлы ауданының Батыр ауылындағы «Самал» шағын ауданында – 1200 орындық, Бейнеу ауылында – 600 орындық және Түпқараған ауданының Сайын-Шапағатов ауылында демеушілердің қолдауымен 1200 орындық мектеп ашылды. Бұл нысандардың іске қосылуы Мұнайлы мен Түпқараған аудандарында үш ауысымды оқытуды толықтай жойылып, Бейнеу ауданындағы бір апатты мектептің мәселесін шешіп отыр.
Жалпы, жаңа оқу жылында Маңғыстау облысында 157 мектеп жұмысын бастады. Өңірде 213 мыңнан астам оқушы білім алуда, олардың 19 мыңы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Сонымен қатар оқу жылының алғашқы тоқсанында тағы бес жаңа мектеп пайдалануға берілмек.