Air Astana ұшағы техникалық ақауға байланысты Ақтауда шұғыл қонды

Автор: Дәулет Ботагөз

Оқиға 31 тамыз кешке болған

Фото: airastana.com

Алматы – Ақтау бағыты бойынша ұшып шыққан Air Astana әуе компаниясының ұшағы техникалық ақауға байланысты әуежайға шұғыл қонды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ұшақтың бортында не болды?

31 тамыз кешкісін орын алған оқиғада KC 859 рейсінің жолаушылары әуеде әбігерге түсті. Куәгерлердің айтуынша, лайнер Ақтау маңында бірнеше минут бойы айналып ұшып жүрді. Сол сәтте әуежайға жедел жәрдем көліктері мен өрт сөндіру бригадалары тартылған.

Жолаушылардың сөзінше, әуе кемесінің ішінде белгісіз дыбыстар естіліп, көп ұзамай ұшақ күрт төмендей бастаған.

«Әйел адамдар жылап, дүрбелең болды. Бортсеріктердің өзі абыржығандай көрінді», – деп жазды әлеуметтік желідегі куәгерлер.

Әуе компаниясының ресми түсіндірмесі

Air Astana оқиғаны растады.

«31 тамыз күні Алматы – Ақтау бағытымен ұшып келе жатқан KC 859 рейсінің экипажы техникалық ақау туралы хабарлап, нұсқаулыққа сәйкес приоритетпен қонуға рұқсат сұрады. Әуе кемесі қауіпсіз биіктікке төмендеп, Ақтау әуежайына сәтті қонды. Қазір ұшаққа тексеріс жүргізілуде», – деп хабарлады компания.

Жолаушылар аман-есен жеткізілді

Экстрим жағдайға қарамастан, зардап шеккендер жоқ. Кері бағыттағы Ақтау – Алматы рейсінің жолаушылары резервтік әуе кемесімен жеткізілді.