Қазіргі уақытта мұнайдың салдарын жою жұмысы аяқталды
Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалында төгілген мұнайдың салдарын жою жұмысы аяқталды. Төтенше жағдай режимі ресми түрде алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Компанияның мәліметінше, 2025 жылғы 30 тамызда теңіз бетіне жүргізілген бақылаудан кейін мұнай төгінділерінің алдын алу және жою жоспары бойынша негізгі іс-шаралар аяқталды.
Еске сала кетейік, КҚК-2 айлағындағы танкерге жүк тиеу кезінде шлангалар арқылы теңізге мұнай төгілген. Қазіргі уақытта төгілген мұнай көлемі нақтыланып жатыр, сондай-ақ себептерін анықтау үшін тергеу жүргізілуде.
Оқиға орнында төгінді дер кезінде оқшауланды. Бұл фактіні қадағалау органдары да растады.
Операцияға 13 буксир, 4 шағын кеме, 5 мұнай жинағыш құрылғы және 9 қалқымалы сыйымдылық жұмылдырылды. Сонымен қатар, 1000 метрден астам бондық бөгеттер орнатылды. Жиналған мұнайлы эмульсия КҚК теңіз терминалына жеткізіліп, утилизацияға жіберілді.
Жұмыс барысында экологиялық бақылау үздіксіз жүргізілді және алдағы уақытта да тәулігіне екі реттен кем емес сынама алынатын болады.
Мамандар жағалау сызығын визуалды тексеріп, мұнай іздері мен мұнай қабықшасын анықтаған жоқ.
29 тамызда орын алған төтенше жағдайдан кейін КҚК теңіз терминалында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Компания мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін қосымша бақылау жүргізетінін хабарлады.