Көкшетауда 3 жасар бала үйде қамалып қалды

Автор: Алмас Ерсін

Құтқарушылар баланы ата-анасына аман-есен табыстады

Фото: ҚР ТЖМ

Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері 3 жастағы баланы құтқарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомствоның мәліметінше оқиға Көкшетау қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінде болған.

«Пәтерде ересектердің қарауынсыз қалған бала есікті ішінен жауып алған», - деп жазылған хабарламада.

Құтқарушылар альпинистік жабдықтың көмегімен жоғарғы қабаттардан түсіп, үшінші қабаттағы пәтердің терезесіне кіріп, есікті ашып, баланы ата-анасына аман-есен табыстады.

Бала зардап шеккен жоқ, медициналық көмек қажет болмады. ТЖМ балаларды қараусыз қалдырмауға кеңес берді.

Еске сала кетейік, дәл осындай жағдай Астана қаласында да болды. 2019 жылы туған бала есікті аша алмаған. Шарасыз ата-ана дереу құтқару қызметіне хабарласқан. Баланы құтқарушылар бесінші қабаттан арқанмен түсіп құтқарды.