Ол корпоративтік шотқа заңсыз кіріп жүрген
Астанада экс-қызметкер компаниядан қомақты қаржы жымқырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Полицейлер ірі көлемдегі қаржы жымқырды деген күдікпен 28 жастағы ер адамды ұстады. Ол бұған дейін компаниялардың бірінде сату жөніндегі менеджер болып жұмыс істеген және корпоративтік аккаунтқа қолжетімділігі болған.
«Жұмыстан кеткеннен кейін екі ай өткен соң оның Kaspi Pay жүйесіне қолжетімділігі тоқтатылмағаны белгілі болды. Осыны пайдаланған күдікті бірнеше ай бойы компания қаражатын өз шоттарына аударып отырған», - деп жазылған хабарламада.
Компанияға келтірілген жалпы шығын 14 миллион теңгені құрады. Ұрланған қаражатты ол жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.