Салдарына 2 жасар бала қолын сындырып алды
Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің бірінің ауласында 2 жастағы бала зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бейнебақылау камерасына түсіп қалған видеода бүлдіршіннің ойын алаңының жанында тұрғаны, ойламаған жерден 13 жасар жасөспірім жүгіріп келіп, сәбиді көтеріп, жоғары лақтырып, жерге тастай салғанын байқауға болады. Осыда ол құлағын қолымен жауып, қаша жөнелген.
Зардап шеккен баланың анасы дереу қасына жүгіріп жетіп, жедел жәрдем шақырады. Дәрігерлер балаға қол сүйегінің сынғаны туралы диагноз қойды.
Әйел әуелде жасөспірімді өз бетімен іздеуге тырысқанымен, нәтиже болмаған. Кейін полицияға жүгінеді. Құқық қорғаушылар жасөспірім мен оның ата-анасының кім екенін анықтады. Алайда, полицияның түсіндіруінше, жасы кәмелетке толмағандықтан, оған қылмыстық жауапкершілік қарастырылмайды. Ал бозбаланың отбасы емдеу шығындарын өтеуден бас тартқан.
Алматы қалалық ПД мәліметінше, істі тергеу жалғасып жатыр.
«Бұл факті бойынша Әуезов аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қажетті тергеу амалдарынан кейін процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады қалалық ПД баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта бала ем қабылдап жатыр.