Қазақстан әуежайларындағы авиакеросин бағасы көршілес елдердегіден 5–30% жоғары
Авиакеросиннің көтерме және бөлшек сауда нарықтарына жүргізілген талдау халықаралық жолаушылар және жүк әуе тасымалдаушылары үшін отын құны негізсіз қымбаттатылғанын көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше авиакеросин өткізу нарығында отандық әуе компаниялары авиакеросинді жер қойнауын пайдаланушылардан мемлекеттік жеткізу кестелері бойынша тікелей, ал шетелдік әуе тасымалдаушылар көтерме және бөлшек жеткізушілер тізбегі арқылы алады.
«Әуежайлар немесе онымен аффилиирленген ұйымдар халықаралық жолаушылар және жүк әуе тасымалдаушыларына авиакеросинді бөлшек саудада сатқан жағдайда, оның құны 60%-ға дейін өседі. Қазақстан әуежайларындағы авиакеросин бағасы көршілес елдердегіден 5–30% жоғары, бұл соңғы бес жылда жүк әуе тасымалының 36%-ға, халықаралық қатынастардың 58%-ға төмендеуіне әкеліп соқты», - деп жазылған хабарламада.
Әуежайлар авиакеросин өткізумен 2017 жылы табиғи монополия субъектілерінің өзге, реттелмейтін қызмет түрлерімен айналысуға қойылған шектеулер алынып тасталғаннан кейін және әуежай қызметтері тарифін тежеу мақсатында айналыса бастады. Нәтижесінде әуежай қызметін қаржыландырудың 80%-ға жуығы авиакеросин сатудан түскен кірістер есебінен қамтамасыз етіліп отыр.
«Сонымен қатар әуежайлардың негізгі қызметінен алынатын кірістер заңнамаға сәйкес табиғи монополия ретінде реттелсе, авиакеросинді жоғары бағамен сатудан алынған кірістерді пайдалану мемлекет тарапынан бақыланбайды», - дейді мамандар.
Агенттік авиакеросинге монополиялық жоғары баға белгілеу бойынша 11 әуежайға қатысты тергеп-тексеру бастады: «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ, «Қорқыт Ата әуежайы» АҚ, «Сары-Арқа әуежайы» АҚ, «Шымкент әуежайы» АҚ, «Әулие-Ата халықаралық әуежайы» АҚ, «Қостанай халықаралық әуежайы» АҚ, «Өскемен халықаралық әуежайы» АҚ, «Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ, «Орал халықаралық әуежайы» АҚ, «Семей халықаралық әуежайы» ЖШС, «Жезқазған-Эйр» әуе компаниясы» АҚ. Сонымен қатар авиакеросинді қайталама көтерме өткізу нарығындағы жеткізушілерге қатысты да тексерулер жүргізілуде.
Бүгінгі күні агенттік 2023 жылы мұнайды қайта өңдеу қызметтеріне монополиялық жоғары баға белгілеу және ұстап тұру түріндегі үстем жағдайды теріс пайдаланғаны үшін «АМӨЗ» ЖШС-не қатысты тергеп-тексеруді аяқтады. Оның материалдары құқық қорғау органдарына жолданды.