Мейрамханада тапсырыс берген дөнердің арасынан адам саусағы шықты

Автор: Асыл Арман

Манхэттен тұрғыны шаурмадан адам саусағының ұшын тапқанын мәлімдеді

Фото: istockphoto.com

АҚШ-та Манхэттен тұрғыны Мэри Элизабет Смит мейрамханадан тапсырыс берген дөнерден адам саусағының ұшын тауып алғанын айтты. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі NDTV-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Әйелдің сөзінше, осы оқиғадан кейін ол «мәңгілікке психологиялық жарақат алған».

Смит бұл мекемеде апта сайын кем дегенде екі рет кешкі ас ішіп жүрген. Сол күні де әдеттегідей тапсырыс беріп, дастарханына келген дөнерін бір тістегенде «қатты әрі оғаш» нәрсені сезінген. Сол кезде тырнағы бар саусақтың ұшын көріп, қатты шошып қалған.

«Бұл қорқынышты жағдай болды. Ол бірден бәрін түкіріп тастады, содан кейін ұзақ уақыт өз-өзіне келе алмай отырды», — деді оның адвокаты Роберт Менна.

Заңгердің айтуынша, табылған бөлшек сараптамаға жіберіліп, зертхана оның шынымен әйелге тиесілі адам тіні екенін растаған. Осыдан кейін Мэриге гепатит немесе ВИЧ жұқтыру қаупін жоққа шығару үшін қарқынды антиретровирустық терапиядан өтуге тура келген.

«Енді мен кез келген тауық етінен жасалған астан қорқамын. Мұндай жағдайға тап боламын деп ешқашан ойламаппын. Бұл оқиға тамаққа деген көзқарасымды түбегейлі өзгертті», – деді британдық әйел.

Ал мейрамхана иесі Тедди Карагианнис бұл айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарды.

«Біздің дәмханамызда ешқашан әйел қызметкерлерім болған емес, ал ол саусақ әйелге тиесілі дейді. Біздің асымыздан саусақ табу мүмкіндігі күніне екі рет лотерея ұтып алумен бірдей», — деді ресторатор.