Қырғызстан тауларында қалған ресейлік альпинистің ұлы ел билігінен анасын құтқаруды өтінді

Автор: Асыл Арман

Ресейлік альпинист екі аптадан бері Қырғызстан тауларында жалғыз қалды

Фото: Наталья Наговицынаның әлеуметтік парақшасынан алынды

Альпинистің ұлы Михаил Наговицын әлеуметтік желі арқылы Ресейдің Бас прокуратурасына, Сыртқы істер министрлігіне және Қырғызстандағы Ресей елшілігіне жүгініп, құтқару операциясын ұйымдастыруға көмектесуді сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Михаилдің айтуынша, жекеменшік құтқарушылар альпинист әйелдің нақты орнын анықтау үшін дрон қолданып, италиялық ұшқышты тартуды жоспарлаған. Алайда ауа райы болжамының дұрыс жасалмауына байланысты операция іске аспаған. Бұдан бөлек, ауа райының қолайлы сәтін күтіп, ұшуға дайын тұрған топ кенеттен таратылып жіберілген.

«Команда дайын болды, тауға көтеріліп, дрон арқылы барлау ұшырмақ еді. Егер анамның тірі екені анықталса, арнайы тікұшақпен құтқару операциясы басталатын еді. Бірақ белгісіз себеппен 25-і күні таңертең команданы таратып жіберді. Болды», – деді Михаил.

Оның сөзінше, қажетті биіктікке дрон көтеруге дайын ерікті бар, бірақ оған ұшуға рұқсат берілмей отыр. Қазір альпинистің ұлы екі ел билігінен операцияға рұқсат беріп, анасының тірі екені расталған жағдайда бірден құтқару жұмысын бастауды сұрап отыр.

Айта кетейік, ресейлік альпинист Наталья Наговицына шыңға өрмелеу кезінде аяғынан жарақат алып, екі аптадай уақыт Қырғызстандағы Жеңіс шыңында жалғыз қалды. Бұған дейін оны эвакуациялау әрекеттеріне ауа райы кедергі болған. Солардың бірінде Қырғызстан Қорғаныс министрлігінің тікұшағы қатты қонуға мәжбүр болып, ал басқа бір альпинистік топта италиялық спортшы Лука Синигалья қаза тапқан еді.