Астанада осы аптада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі басталады

Автор: Алмас Ерсін

Жәрмеңке күндері «Қазанат» ипподромына №18, 37 және 303-ші автобустар қатынайды

Фото: pixabay

Астанада өңірлік тауар өндірушілердің қатысуымен жыл сайынғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері басталады. Жәрмеңкелер 26 қазанға дейін әр сенбі және жексенбі күндері өткізіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Алғашқы жәрмеңке 30 тамыз күні өтеді. Онда Түркістан облысының шаруалары өз өнімдерін елорда тұрғындарына ұсынады. Іс-шара барысында ет, балық, сүт, бакалея өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек сынды әртүрлі тауарлар фермерлерден тікелей сатылымға шығарылады. Бұл азық-түлік қолжетімділігін арттырып қана қоймай, отандық өндірушілерді қолдауға да ықпал етеді.

«Атап айтқанда, Түркістан облысының ауылшаруашылық тауарөндірушілері Астанаға 600 тоннадан астам өнім әкеледі», - деп жазылған хабарламада.

Оның ішінде:

  • 200 тонна көкөніс,
  • 100 тонна ет пен ет өнімдері,
  • 100 тонна сүт өнімдері,
  • 80 тонна бақша дақылдары,
  • 50 тонна жеміс-жидек,
  • 19 тонна балық,
  • 12 мың дана жұмыртқа,
  • 60 тоннадан астам басқа да азық-түлік өнімдері бар.

Жәрмеңке аясында концерттік бағдарлама да ұйымдастырылады.

Айта кету керек, биыл жәрмеңке «Қазанат» ипподромының автотұрағында (Қарқаралы тас жолы, 1) өтеді. Тұрғындар мен қонақтардың қолайлы келіп-кетуі үшін жәрмеңке күндері №18, 37 және 303 бағыттағы автобустар қатынайды.

 

Ауылшаруашылық жәрмеңкесі сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.