Сотталушы бостандыққа шығуға және қоғамға қайта оралуға психикалық тұрғыдан дайын емес
Ақмола облысында Қылмыстық атқару жүйесі мекемесінің мамандары бұрын ең қатаң жаза – өлім жазасына кесілген сотталушыны қоғамға бейімдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ширек ғасырға жуық өмірін темір тордың ар жағында өткізген азамат бостандыққа шығып, қоғамға қайта оралуға психикалық тұрғыдан дайын емес. Тұтқынның колонияда отырғанына 24 жыл болды.
Түрмеге түскеннен кейін отбасы одан бас тартқан – осы жылдар ішінде бірде-бір хат та, қоңырау да болмапты. Тек бір рет, жеті жыл бұрын белгісіз біреуден сәлемдеме келген.
Бостандыққа шығатын күні жақындап қалған ер адамның бойында алаңдаушылық бар: ол психологпен әңгімелесу кезінде өзіне бейтаныс және қорқынышты болып қалған бүгінгі қоғамда қалай өмір сүретінін білмейтінін мойындаған.
«Сотталушы келесі жылы бостандыққа шығады, сондықтан қазірден бастап оны дайындап жатырмыз. Отбасы одан бас тартқан, барар жері жоқ. Әлеуметтік бейімдеу орталықтарының бірі құжаты болса, бір жылға қабылдауға дайын екендіктерін жеткізді. Біздің міндетіміз – үкімнің орындалуын қамтамасыз ету ғана емес, адамның лайықты өмірге оралуына мүмкіндік беру», - деді сотталғандармен тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Жанат Қожин.
Оның айтуынша, әсіресе, өз-өзімен жалғыз қалғандарды қолдау маңызды.
Бостандыққа шығаруға дайындық психологиялық көмектен, қажетті құжаттарды дайындаудан, сондай-ақ әлеуметтік бейімдеу орталықтарымен өзара әрекеттесуден тұрады.
«Қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлерінің жұмысы ең ауыр қателіктерден кейін де адамның өзіне деген сенімін қайтарып, қоғамға қайта оралуға мүмкіндік беруге бағытталған», - деп атап өтті ведомство.