Енді 78 млн теңгеден қымбат мүлік сатып алғандар салықшылардың бақылауында болады

Автор: Алмас Ерсін

Қаржы министрлігі ірі мәмілелер мен қаражат айналымына мониторингті күшейтпек

Фото: istockphoto.com

Банктер 78,6 миллион теңгеден қымбат мүлік сатып алған клиенттердің шоттары мен операциялары туралы ақпаратты салық органдарына бере бастайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қаржы министрлігі бұйрығының жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Онда екінші деңгейлі банктер 20 мың АЕК-тен (78,6 миллион теңге) қымбат мүлік сатып алған жеке тұлғалардың шотындағы қаржының айналымы туралы ақпаратты салық органдарына беруге міндетті болатыны айтылған.

Құжатқа сәйкес, салық органдарына мұндай клиенттердің шоттары, қалдықтары және қаржы айналымы, сондай-ақ кірістері мен несиелері туралы мәліметтер түседі.

Қаржы министрлігі бұл шара қаржы ағындарын тиімдірек бақылауға және көлеңкелі экономикамен күресуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Қашықтан мониторинг жүргізу ірі келісімдердің ашықтығын қамтамасыз етеді және бюджет түсімінің ұлғаюына, сондай-ақ көлеңкелі сектор үлесінің қысқаруына әкеледі», - делінген жобада.

Бұйрық бекітіліп, ресми жарияланғаннан кейін күшіне енеді.