Израильдің соққысынан ауруханада жатқан 15 адам қаза болды
Газа секторының оңтүстігіндегі ауруханаға жасалған израильдік соққыдан кемінде 15 адам қаза тапты, олардың арасында халықаралық БАҚ-тың төрт журналисі бар. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға Насыр ауруханасында болды. Қаза тапқандардың арасында Reuters агенттігінің операторы және Associated Press агенттігінің журналисі бар екені хабарланды. Тағы екі журналист Al Jazeera мен NBC-де жұмыс істеген.
ХАМАС бақылауындағы Азаматтық қорғаныс қызметінің хабарлауынша, алғашқы соққыдан бірнеше адам мерт болған, ал құтқарушылар келген кезде жасалған екінші соққыдан тағы да адамдар қаза тапқан.
Израиль армиясы мен премьер-министр кеңсесі әзірге түсініктеме берген жоқ.
Оқиға орнынан түсірілген суреттерде аурухананың жоғарғы қабатынан сұр түтін шығып жатқаны, негізгі ғимараттың зақымданғаны көрінеді. Бұл – Газа оңтүстігіндегі ең ірі аурухана.
Сыртта адамдар айғайлап, жүгіріп жүргені байқалады, жедел жәрдем дабылдары естіледі. Бір бейнежазбада дәрігер журналистерге қанға боялған киімдерді көрсетіп тұрған сәтте тағы бір соққы жасалған.
Reuters агенттігі өзінің операторы Хусам әл-Масридің қаза болғанын растады. Associated Press агенттігі 33 жастағы фриланс-журналист Мариам Дагганың да мерт болғанын хабарлады.
Қалған қаза тапқан журналистер – Al Jazeera тілшісі Мохаммед Саламе және америкалық NBC телеарнасында жұмыс істеген фотограф Муат Абу Таһа екені айтылды.
Азаматтық қорғаныс қызметінің мәліметінше, қаза тапқандардың жалпы саны – 15 адам, олардың ішінде бір құтқарушы бар, деп хабарлады AFP агенттігі.