Оқыс оқиға 22 тамыз күні кешкісін болды
Батыс Қазақстан облысында 32 жастағы ер адам алты жасар қыз баланы зорлады деген күдікпен ұстады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Уральская неделя» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Адам шошырлық жағдай 22 тамыз күні кешкісін Тасқала ауылында болған. Қыз баланың анасы баласының жоғалғанын сағат 21:20-да полицияға хабарлаған. Іздеу жұмысы басталғаннан кейін қыз ауыл шетіндегі қамыстың арасынан ес-түссіз күйінде табылды.
«Қабылданған шаралардың нәтижесінде 23 тамызда күдікті ұсталды. Ол кәмелетке толмаған баланың қай жерде екенін көрсетті. Қыз ауыл шетінен тірі табылды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді полиция.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, әйел күйеуінсіз тұрған және оқиға күні күдіктімен бірге ішімдік ішкен. Қазіргі таңда зардап шеккен қыз ауыр халде Орал қаласындағы ауруханада жатыр, оған операция жасалды.