Ақтауда ойыншық тапанша жанжалға себеп болды
Ақтауда 13 жастағы жасөспірім көршісінің қол көтеруінен жарақат алды. Жанжал су тапаншасының жоғалуынан басталған. Оқиға бойынша полицияға арыз түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Ақтау тұрғыны Айнұр Асқарбекованың айтуынша, оқиға 18 тамызда 21-шағынаудандағы №37/1 үйдің ауласында болған.
Кешкі уақытта ұлы Бекжан достарымен аулада ойнап жүрген. Балалардың арасында су тапаншасының жоғалуына байланысты дау туындаған. Ойыншық иесі әкесіне шағымданыпты. Көршісі болған ер адам жағдайды анықтамай, 13 жастағы баланы ұрған.
«Мен екі баланы жалғыз тәрбиелеп отырмын, біреуінің мүгедектігі бар. Көрші балалар жүгіріп келіп, Бекжанды ересек ер адамның ұрғанын айтты. Ол баламды бет тұсынан және құлақ тұсына ұрған. Нәтижесінде балам бас-ми жарақатын алды, қазір ем қабылдап жатыр. Бүгін біреудің баласын ұрса, ертең тағы не болады? Бұған қалай жол беруге болады?» – деді ашынған ана.
Асқарбекованың айтуынша, балалар арасындағы дау өзара шешілуі мүмкін еді, бірақ көршісі мәселені күшпен шешкен.
Дәрігерлер жасөспірімге жабық бас-ми жарақаты және ми шайқалу диагнозын қойған.
Оқиға орнына полиция шақырылғанымен, бастапқыда арызды қабылдаудан бас тартқан. «102-ге» хабарласқан соң полицейлер көршісімен сөйлесіп, арызды тіркеместен кетпек болған. Анасы жоғары тұрған органдарға шағымданатынын айтқан соң ғана арыз ресми түрде қабылданған.
«Түнгі сағат 22:25-тен таңғы 3-ке дейін балам екеуімізді психолог пен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторсыз тергеді», – деді әйел.
Сонымен қатар ол полиция тек төртінші күні ғана ұлына сот-медициналық сараптамаға жолдама бергенін, оның өзінде құжат рәсімдеу кезінде заң бұзушылықтар болғанын айтты.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
Олардың мәліметінше, ер адамға екі әкімшілік хаттама толтырылған (ҚР ӘҚБтК 127-бап – «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндетін орындамау» және 434-бап – «Ұсақ бұзақылық»).
Алайда күдікті ер адам да қарсы арыз жазып, жарақат алған жасөспірімнің оның ұлын ұрғанын айтқан. Соның негізінде анасына да 127-бап бойынша хаттама жасалған.
Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалды. Егер ол жасөспірімнің денсаулығына зиян келгенін растаса, қылмыстық іс қозғалады, – деді полиция өкілдері.