Қазақстанда әскерге шақыру ережелеріне өзгерістер енгізіледі
Қазақстанда әскерге шақыру ережелеріне өзгеріс енгізуге дайындық жүріп жатыр. Бұл өзгеріс әскерге баруды кейінге қалдыру рәсімін жеңілдетіп, процесті барынша ашық етеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жоба «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, өзгерістер әскери-патриоттық тәрбие мен әскери қызмет туралы жаңа заңға сәйкес нормативтік-құқықтық базаны сәйкестендіру мақсатында енгізілуде.
Негізгі жаңашылдықтардың бірі – әскерге шақыруды кейінге қалдыруды eGov порталы арқылы рәсімдеу мүмкіндігі. Бұл азаматтарға мұндай мәселелерді ұзаққа созылатын бюрократиялық рәсімдерсіз, жеңілдетілген форматта шешуге жол ашады.
Сонымен қатар, әскерге шақырылушылардың нөміріне жіберілген SMS-хабарламалар ресми ескерту ретінде қарастырылады. Инициаторлардың пікірінше, бұл шара жеделдікті арттырып, азаматтардың шақыру қағазын уақытылы алмау қаупін азайтады.
Ведомство ұсынғандай, қолға алынған өзгерістер ел бойынша әскерге шақыру процесін цифрландыру мен біріздендіруге бағытталған.