Қазақстандықтар АҚШ-та виза бойынша қанша уақыт бола алатыны түсіндірілді

Автор: Мөлдір Қазыбай

Жиі қойылатын сұрақтарға жауап берілді

Фото: istockphoto.com

АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі қолданыстағы виза бойынша Америка Құрама Штаттарында болу мерзіміне қатысты жиі қойылатын сұрақтардың біріне жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дипломатиялық өкілдікте шетел азаматының АҚШ-та болу мерзімі виза мерзімінің аяқталу күнімен емес, елге кірген кезде Кедендік және шекаралық қорғау қызметінің (CBP) мамандары белгілейтін мерзіммен анықталатынын еске салды.

«Елде қанша уақыт бола алатыныңызды білу үшін мына сайттағы I-94 (елге кіру және шығу уақыты көрсетілген жазба) құжатын тексеріңіз», — деп түсіндірді АҚШ елшілігі.

Бұған дейін АҚШ Мемлекеттік департаменті жыл басынан бері 6 мыңнан астам халықаралық студенттік визаның ел заңнамасын бұзғаны және рұқсат етілген мерзімнен тыс елде қалғаны үшін кері қайтарылғанын хабарлаған болатын.

Бұл шаралар Дональд Трамп әкімшілігінің қатаңдатылған көші-қон саясатының бір бөлігіне айналды. Бұған дейін билік студенттік визаларды беруді уақытша тоқтатып, қайта жанданғаннан кейін өтініш берушілерді қосымша тексеру мақсатында әлеуметтік желідегі аккаунттарын ашып көрсетуге міндеттеген еді.

Билік өкілдері АҚШ азаматтарына, мәдениетіне, институттарына немесе қағидаттарына «дұшпандық көзқарастың кез келген белгілерін» анықтауға, сондай-ақ шетелдік террористік ұйымдарға қолдау көрсетуі немесе антисемиттік шабуылдарға қатысуы мүмкін адамдарды табуға тырысатындарын атап өтті.

АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі бұған дейін де қазақстандықтарға виза талаптарын және Құрама Штаттарында рұқсат етілген болу мерзімін қатаң сақтауды ескерткен болатын.