Қазақстанда магистратура гранттарының иегерлері анықталды: нәтижесі қашан жарияланады

Автор: Мөлдір Қазыбай

Магистратура гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссияның жұмысы аяқталды

Фото: istockphoto.com

Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025-2026 оқу жылына арналған магистратураның мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі Республикалық комиссияның жұмысы аяқталғанын хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Ведомство мәліметінше, республикалық комиссия құрамында министрліктің, мүдделі мемлекеттік органдардың, бiлiм саласы кәсiподақтарының, ҚР Ұлттық кәсiпкерлер палатасы және қоғамдық ұйым өкілдері болды.

Комиссия отырысында үміткерлердің өтініштері қаралып, мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу қолданыстағы ережелер негізінде конкурс тәртібімен жүзеге асырылды.

«Биылғы конкурсқа қатысу үшін 20 мыңнан астам өтініш қабылданды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 мыңға артық. Болашақ магистранттар арасында ең сұранысқа ие білім беру бағыттары – «Педагогикалық ғылымдар», «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары».

Грант тағайындау конкурсының нәтижелері 23 тамыз күні ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығының ресми әлеуметтік желілерінде жарияланады», - делінген министрлік хабарламасында.