Қазақстандық балуан жастар арасындағы әлем чемпионатының финалына шықты

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ол 125 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті

Фото: Olympic.kz

Қазақстандық еркін күрес шебері, Түркістан облысының тумасы Едіге Қасымбек Болгарияның Самоков қаласында өтіп жатқан 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатының финалына шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жартылай финалда қарсыласын ойсырата ұтты

125 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен 18 жастағы балуан алғашқы айналымда моңғолиялық Нарантулга Дармаабазарды 15:12 есебімен жеңді.

Ширек финалда ол оңтүстіккореялық Байджун Джангтан басым түсіп, кездесуді 6:0 есебімен аяқтады.

Жартылай финалда қазақстандық спортшы америкалық Коул Мирасоланы айқын басымдықпен ұтты – белдесу мерзімінен бұрын 11:0 есебімен тоқтатылды.

Алтын жүлде үшін шешуші белдесу

Финалда Қасымбек Әзербайжан балуаны Юсиф Дурсунов пен Иран спортшысы Мохаммад Нежад арасындағы жұптың жеңімпазымен кездеседі.

Едіге Қасымбектің жетістіктері

  • 2025 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионы;
  • Екі дүркін Азия чемпионатының жеңімпазы;
  • 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатының екі мәрте финалисі;
  • 2022 жылы құрлықтық біріншіліктің қола жүлдегері.