Жайық жағалауында жастар фестивалі өткен
Атырауда 16 тамыз кешінде Жайық жағалауында өткен жастар фестивалі кезінде 70-тен астам бала жоғалып кетті. Бұл туралы жергілікті «Ақ Жайық» басылымы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Балалар әртүрлі жағдайға байланысты ата-анасынан ажырап қалған. Кейбірі жылап отырса, енді біреулері телефонға үңіліп отырған, ал кішкентайлары орындықта қалғып кеткен. Жас шамасы 5 пен 16 жас аралығында болған.
Жоғалған балалардың бәрі жақын маңдағы полиция бекетіне жеткізілген. Кейін ата-аналары келіп, балаларын тауып алған.
Полицияның ерекше назарын Тендік ауылынан келген бір бала аударды. Ол жасы үлкен балалармен қақтығысып, жыртылған футболкамен табылған.
Сондай-ақ тәртіп сақшыларының қолына пышақ алып жүрген бірнеше жасөспірім түсті. Қазіргі уақытта олардың концертке қарумен келген себебі анықталуда.
«Осындай жағдайдың қайталанбауы үшін ата-аналарға балаларын қадағалауды күшейту қажет. Көпшілік жиналған жерде балалар оңай адасады», – деп мәлімдеді полиция қызметі.