Кеуде қуысында пышақ қалып қойғанын рентген жасағанға дейін өзі де білмеген
Танзания тұрғыны кеуде тұсына кіріп кеткен пышақпен сегіз жыл өмір сүріп келген, деп жазады Azattyq Rýhy.
The Sun басылымының мәліметінше, Танзанияда ер адам Мухимбили Ұлттық ауруханасына оң жақ кеуде астынан ірің бөлінуіне шағымданып жүгінген. Алайда оның кеуде тұсында ауырсынуы да, тыныс алуда қиналуы да, жөтел немесе қызуы да болмаған. Өмірлік көрсеткіштері қалыпты болғандықтан, бұл жағдай дәрігерлерді таңғалдырды.
Алғашында қабынудың себебі түсініксіз болып тұрды. Кейін пациент сегіз жыл бұрын болған жанжалды есіне түсірді. Сол кезде ол беті, арқасы, кеудесі мен ішінен көптеген жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген. Бірақ оның кеуде қуысында пышақ қалып қойғанын рентген жасағанға дейін өзі де білмеген.
Дәрігерлердің айтуынша, пышақ жүзі жүрек, өкпе және ірі қан тамырларын жанап өткен.
«Ол сәл ғана қозғалғанда, өмірін сақтап қалу мүмкін болмас еді», – дейді дәрігерлер.
Хирургтер күрделі ота жасап, пышақты асқан сақтықпен алып тастады, сондай-ақ тіндердің некрозынан пайда болған іріңді шығарды. Пациент 24 сағатын жансақтау бөлімінде өткізіп, кейін дәрігерлердің бақылауымен 10 күн жалпы палатада емделді.
Есепке сәйкес, ары қарайғы қалпына келуі еш асқынусыз өтті. Дәрігерлер мұндай жағдайлардың өте сирек кездесетінін атап өтіп, оны «адам ағзасының таңғаларлық төзімділігінің үлгісі» деп бағалады.